Бұрынғы бас бапкер денсаулығына байланысты қызметінен кеткенін мәлімдеген болатын. Алайда оның қызы әкесінің денсаулығы жақсы екенін айтады.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері ауысуына қатысты талқы әлі де қызып тұр. Жуырда осы жағдайға байланысты танымал спорт журналисі Ерзат Серғазин де Kendala TV YouTube-арнасында өз пікірін білдірді.
Ерзат Серғазиннің айтуынша, жаңа тағайындауға қатысты негізгі мәселе бапкерде емес, қабылданған шешімнің ашықтығында:
«Насановқа қарсы ештеңем жоқ. Бірақ шешімнің өзі түсініксіз. Қоғам алдында дәлелдеп, түсіндіру керек. Қазақ боксы — жекеменшік емес. Қазақ спорты — біреудің ойыншығы емес. Сіздер халыққа есеп беруге міндеттісіздер. Ал қазір басқарушылық авантюра жасалып отыр. Халық не болып жатқанын түсінбей қалды. Оның үстіне Сәтжановтың туған қызы әкесінің денсаулығы жақсы екенін айтып отыр», — деді Серғазин.
Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясы Қайрат Сәтжановтың ерлер құрамасының бас бапкері қызметінен денсаулығына байланысты кеткенін ресми түрде хабарлаған болатын. Оның орнына ұлттық құраманың жаңа бас бапкері болып Нұржан Насанов тағайындалды.
Оқи отырыңыздар:
Қайрат Сәтжанов отставкадан кейін маңызды мәлімдеме жасады
Федерацияның “ауыр” таңдауы: Насановқа сенім артудың артында не тұр?