Қазақстан бокс федерациясының (ҚБФ) бірінші вице-президенті Дархан Қызайбай ерлер ұлттық құрамасындағы кадрлық ауыс-түйіс туралы пікір білдірді.
Дархан Қызайбайдың айтуынша, Олимпиада-2024 аяқталған соң ұлттық құраманың жаттықтырушылар құрамы түгелдей өзгерген. Сол кезде ҚБФ ерлер командасының бас бапкері ретінде 35 жылдық тәжірибесі бар Қайрат Сәтжановты тағайындаған.
Функционер Сәтжанов жетекшілік еткен кезеңде ұлттық құрама бірнеше халықаралық әрі ресми турнирде командалық есепте 1-орын алғанын атап өтті.
ҚБФ өкілі бүгін Сәтжановтың енді ерлер құрамасының бас бапкері болмайтынын мәлімдеп, негізгі себеп ретінде денсаулығын атады.
Сонымен бірге Қызайбай Сәтжанов спорт саласынан кетпейтінін, алайда қызметін басқа бағытта жалғастыратынын жеткізді.
ҚБФ көптеген маман және басшылармен кеңескеннен кейін, бүгіннен бастап ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне Нұржан Насановты тағайындағанын хабарлады. Қызайбай бұл шешімнің оңай болмағанын да жасырмады.
Оның сөзінше, Олимпиадаға дейін екі жыл ғана уақыт бар. Сондықтан жаңа бапкер штабының басты міндеті — Олимпиада-2028-де жоғары нәтиже көрсету. Федерация жаңа жаттықтырушы мен оның командасына толық қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Айта кетейік, Қайрат Сәтжанов ерлер құрамасының бас бапкері қызметін 2024 жылдың тамызынан бастап атқарды. Оның басшылығымен Қазақстан құрамасы World Boxing аясындағы әлем чемпионатында медаль кестесінде жалпыкомандалық 1-орынды иеленді.