Бокстан Париж Олимпиадасының чемпионы, алжирлік Иман Хелиф басты додаға дейін гормоналды терапия қабылдағанын мәлімдеді.
Иман Хелифтің сөзін француздың L’Équipe басылымы келтіреді. Боксшының айтуынша, ол дәрігерлердің бақылауымен тестостерон деңгейін төмендетуге бағытталған ем қабылдаған.
Париж Олимпиадасына іріктеу турнирі қарсаңында (Дакарда өткен) көрсеткішін барынша төмендетіп, кейін Олимпиадада алтын алғанын айтады.
2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Хелифті әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қатысу талаптарына сай емес деген уәжбен шеттеткен. IBA бұл мәселе бойынша тест нәтижелеріне қатысты пікір айтқан. Алайда дәл қандай тест жүргізілгені, медициналық деректердің толық мазмұны кеңінен жарияланбаған.
Соған қарамастан Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Хелифті 2024 жылы әйелдер бәсекесіне қатысуға рұқсат беріп, бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсті. ХОК өз позициясын қорғап, ереже мен қолданылатын критерийлердің спорт түріне қарай күрделі екенін атап өткен.
Париж Олимпиадасында Иман Хелиф 66 кг дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды.
Даудың аясында World Boxing ұйымы әйелдер және ерлер санатына қатысу талаптарын нақтылау үшін міндетті жыныстық тестілеу саясатын енгізетінін хабарлаған. Ресми мәлімдемеге сәйкес, әйелдер санатына қатысатын спортшыларға генетикалық скрининг (PCR тесті және соған ұқсас әдістер) қолданылуы мүмкін.