Илия Топурия экс-жұбайымен сот дауын аяқтап, октагонға оралады
UFC-дің жеңіл салмақтағы чемпионы Илия Топурия бұрынғы әйелі Джорджина Узкатеги Баделлмен арадағы сот процесін аяқтады.
Тараптар келісімге келді
Испаниялық Marca басылымының мәліметінше, тараптар өзара келісімге қол жеткізген. Соның нәтижесінде Узкатеги спортшыға қатысты шағымын қайтарып алған.
Ақпаратқа сай, Топурия келесі жекпе-жекке дайындықты бастап кеткен. БАҚ-тағы болжам бойынша оның октагонға оралуы 14 маусымда өтуі мүмкін UFC турнирімен байланыстырылып отыр.
Жекпе-жектегі ықтимал қарсылас ретінде дивизионның уақытша чемпионы, америкалық Джастин Гэтжи аталды.
Қандай айыптаулар тағылды?
Бұған дейін бірқатар ақпарат көзінде Джорджина Узкатегидің Топурияға қатысты отбасылық зорлық, дене жарақатын келтіру және қатыгез қарым-қатынас туралы айыптаулар айтқаны жазылған.
Алайда Илия Топурия ол мәлімдемелерге байланысты барлық айыпты жоққа шығарған.