Хьюстонда өткен UFC Fight Night 267 турнирінің басты оқиғасында орта салмақтағы америкалық файтерлер Шон Стрикленд (29-7) пен Энтони Эрнандес (15-2) октагонға шықты.
Жекпе-жек алдында айқын фаворит ретінде Эрнандес аталды. Көпшілік оның қарқыны мен соңғы нәтижелеріне сүйеніп, жеңіске жетеді деп болжаған.
Бірақ кездесудің сценариі мүлде басқаша өрбіді. Бес раундқа жоспарланған басты айқас толық дистанцияға жетпеді. Шон Стрикленд үшінші раундта қарсыласын нокаутқа түсіріп, сенсациялық жеңіске жетті.
Осылайша Стрикленд мансабындағы 30-шы жеңісін тіркеді. Ал Энтони Эрнандес ММА-дегі үшінші жеңілісіне ұшырады.
Еске сала кетейік, кештің тағы бір жекпе-жегінде америкалық Джефф Нил (16-8) — қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың (19-0) бұрынғы қарсыласы сербиялық Урош Медичке (13-3) ауыр нокаутпен жол берді.