Реклама
Реклама

Қазақстандық боксшы қыз Таиландта сенімді жеңіске жетті

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 20:40

Қазақстандық жас боксшы Жасмин Абрамян Бангкоктегі Futures Cup 2026 турнирін жеңіспен бастады.

Instagram/@boxingkazakhstan

Қарсыласы кім болды? 

Қазақстандық былғары қолғап шебері 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің 1/16 финалында польшалық Мария Горзеланнамен қолғап түйістірді.

Жасмин жекпе-жектің алғашқы минуттарынан бастап рингтің ортасын толық бақылауына алып, қарсыласына қысым көрсетті. Белсенді қимылы алғашқы раундта-ақ нәтиже беріп, төрешілер бұл кезеңді 4:1 есебімен Абрамянның пайдасына жазды.

Келесі үш минуттықта польшалық боксшы қарымта шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Мария Горзеланна Жасминді қарсы шабуылмен ұстап көруге күш салғанымен тек есеп айырмасын қысқартуға шамасы жетті. Екінші раунд 3:2 болып, қазақстандық әлі де алда тұрды.

Соңғы раундта айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Абрамян кездесуді сенімді өткізіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы үшін күн қалай өтіп жатыр?

Айта кетейік, осыған дейін таңғы сессияда Қазақстан құрамасы екі боксшы қызынан айырылды.

Айым Танқыбаева өзбекстандық Назокат Мардоноваға есе жіберсе, Марал Төлепберген үндістандық Джойшри Деви Широмнан нокаутпен жеңілді.

Одан кейін Арман Мырсәбит грузиялық Шалва Беридзені мерзімінен бұрын ұтып, Қазақстан жанкүйерлерін қуантты. Ал Асылай Мұрат өзбекстандық Мафтуна Мусурмоноваға қарсы жекпе-жекте дисквалификацияға ұшырады.

Жастар арасындағы беделді Futures Cup 2026 турнирі 15 наурызда мәресіне жетеді.

Реклама
Реклама