Таиланд астанасы Бангкокте жастар арасындағы Futures Cup 2026 турнирінің үшінші жарыс күні ел намысын бес боксшы қорғады.
10 наурыз күні өткен жарыс күнінде Қазақстан атынан бес боксшы өнер көрсетті. Ерлер арасында рингке тек Арман Мырсәбит шықса, қыздар құрамасында Асылай Мұрат, Айым Танқыбаева, Марал Төлепберген және Жасмин Абрамян қолғап түйістірді.
50 келіге дейінгі салмақта 1/16 финал кезеңінде Арман Мырсәбит грузиялық Шалва Беридземен кездесті. Жекпе-жек барысында отандасымыз айқын басымдық танытып, қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

48 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда Асылай Мұрат өзбекстандық Мафтуна Мусурмоноваға қарсы айқасты. Бұл кездесуде қазақстандық боксшы екінші раундта дисквалификация алып, жеңіс қарсыласына берілді.
51 келідегі 1/16 финалда Айым Танқыбаева да өзбекстандық Назокат Мардоновамен қолғап түйістірді. Жекпе-жек толық өтіп, төрешілер жеңісті бірауыздан Мардоноваға берді.
54 келі салмақ дәрежесінде 1/8 финалда Марал Төлепберген үндістандық Джойшри Деви Чироммен кездесті. Бұл айқас қазақстандық боксшы үшін сәтсіз аяқталды. Үшінші раундта қарсыласы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
60 келіге дейінгі салмақтағы 1/16 финалда Жасмин Абрамян польшалық Мария Горзеланнамен жұдырықтасты. Тартысты өткен кездесуде қазақстандық спортшы төрешілердің екіұдай шешімімен жеңіске жетіп, келесі айналымға шықты.
Айта кетейік, Futures Cup U-19 турниріне Қазақстан құрамасы бастапқыда 19 боксшымен қатысқан. Оның ішінде 10 мүше ерлер құрамасында, ал 9 боксшы қыздар арасында тіркелген.