Реклама
Реклама

Қазақстан — Өзбекстан айқасы: WBC белбеуі үшін тартыс жарияланды

Сарапшы, спорт журналисі
20.03.2026, 23:33

Кәсіпқой боксшы Дулат Бекбауов WBC нұсқасы бойынша титулдық жекпе-жекке шығады. 

instagram/@bekbauovdulat

Жекпе-жек Таразда өтеді

Бекбауовқа тәжірибелі өзбекстандық боксшы Абдурасул Исмоилов қарсы тұрады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұл тартысты кездесу 28 наурызда Тараздағы бокс кешінің басты оқиғаларының бірі болмақ.

Rdproboxing промоушенінің ресми мәлімдемесінде жекпе-жекке жоғары баға берілді:

"Дулат Бекбауов (2-0, 2 KO) — Абдурасул Исмоилов (11-3-1, 7 KO). WBC Greater Turan белбеуі үшін 10 раундтық айқас. Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы бұл кездесу — нағыз деңгейі жоғары, белбеуге лайық жекпе-жек болады".

Әуесқойдан кәсіпқойға дейінгі жол

Дулат Бекбауов — қазақстандық бокстың үміт күттірер жастарының бірі. Оның әуесқой бокстағы басты жетістіктері:

  • 2023 жылғы әлем чемпионатының (Ташкент) күміс жүлдегері
  • Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2022, 2024)

Ол кәсіпқой рингтегі дебютін 2025 жылдың шілдесінде өткізді. Ал желтоқсан айында Алматыда өткен кеште өзбекстандық Хасанбой Мирзахамраевты үшінші раундта нокаутпен жеңді. 

Абдурасул Исмоилов тәжірибелі қарсылас

Өзбекстандық боксшы Абдурасул Исмоилов халықаралық деңгейде мол тәжірибе жинаған. Әр жылдары Ресей, Вьетнам, Оңтүстік Корея және Қытайдағы турнирлерде өнер көрсеткен.

Исмоиловтың соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың ақпанында Мәскеуде өтті. WBA Asia белбеуі үшін болған айқаста ресейлік Артур Субханкуловпен жұдырықтасып, толық 10 раундқа созылған кездесуде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліс тапты.

Реклама
Реклама