Елдос Сметов операциядан кейін алғаш рет үн қатты

Сарапшы, спорт журналисі

Париж Олимпиадасының чемпионы Тбилисиде өтіп жатқан Grand Slam турниріндегі отандық дзюдошыларға қолдау білдірді.

Елдос Сметов операциядан кейін алғаш рет үн қатты
instagram/@yeldos60kg

Елдостың жылы лебізі

Спортшы өзінің Instagram парақшасындағы сторис арқылы жанкүйерлерге арнап үндеу жасап, ең алдымен жұртшылықты Ораза айтпен құттықтады.

"Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Баршаңызға қайырлы кеш! Сіздерді қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Осы айтулы күн қарсаңында Тбилисиде Grand Slam турнирі өтіп жатыр. Бүгін бұл жарыста 60 келіге дейінгі салмақта ініміз Орынбасар қола жүлдеге ие болды. Ал 66 келіге дейінгі салмақта бауырымыз Нұрқанат алтын медаль жеңіп алды. Жігіттерді осы жеңістерімен шын көңілден құттықтаймын!

Бұл жетістіктер — үлкен жеңістердің бастауы деп ойлаймын. Алдағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында да ел мерейін асырып, топ жара берсін деп тілеймін. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ертең және арғы күні татамиге шығатын жігіттерімізге де сәттілік тілеймін. Баршаңызды оларға тілекші болып, қолдау көрсетуге шақырамын", — деді Елдос Сметов.

Тбилисиде қазақ дзюдошылары жарқырады

Бүгін Тбилисиде өткен жарыс күнінде қазақстандық спортшылар табысты нәтиже көрсетті.

Нұрқанат Серікбаев финалда Әзербайжанның тәжірибелі балуаны Туран Байрамовты жеңіп, алтын жүлде еншіледі.

Ал Орынбасар қола медаль үшін белдесуде украиналық дзюдошы Артем Лесюктан басым түсті.

Операциядан кейінгі алғашқы үндеу

Айта кетейік, бұл — атақты дзюдошының денсаулығына қатысты жаңалықтардан кейінгі алғашқы жария мәлімдемесі. Бұған дейін 12 наурыз күні бұқаралық ақпарат құралдарында Елдос Сметовтың ауруханаға түсіп, операция жасалғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін бұл мәліметті оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев растаған.

Желіде жарияланған видеодан Елдос Сметовтың үй жағдайында жүргенін аңғаруға болады. Бұл жанкүйерлер үшін жағымды жаңалық болды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір