Грузия астанасы Тбилисиде дзюдодан Grand Slam-2026 турнирінде Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп жатыр.
Нұрқанат Серікбаев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ақтық белдесуінде Әзербайжанның тәжірибелі дзюдошысы Туран Байрамовпен кездесті. Қос балуан да барын салған белдесуде жеңімпаз тағдыры соңғы сәттерде шешілді. Серікбаев нәтижелі ұпай еншілеп, сол басымдықты соңына дейін сақтап қалды. Осылайша қазақстандық спортшы Grand Slam-2026 турнирінің чемпионы атанды.
Нұрқанат Серікбаев жарыс барысында жоғары деңгейін айқын көрсетті. Ол жартылай финалда Испания өкілі Давид Гарсия Торнеден басым түсті.
Айта кету керек, испаниялық дзюдошы Grand Slam сериясындағы турнирлерде бес бірдей жүлде жеңіп алған тәжірибелі спортшы саналады. Соған қарамастан қазақстандық балуан оны сенімді түрде жеңіп, финалға жолдама алды.
Еске салайық, Нұрқанат осыдан екі жыл бұрын Тбилисидегі турнирдің жеңімпазы атанған еді. Дәл сол жеңістен кейін көпшілік оны 60 келі салмақтағы Олимпиаданың басты үміті ретінде қарастырды. Дегенмен айналмалы іріктеу барысында ол шешуші белдесуде Елдос Сметовке есе жіберді. Кейін Елдос Парижде қазақстандық дзюдо тарихына жаңа бет жазды.