World Boxing 2025 әлем чемпионы Жавохир Умматалиев Қазақстандағы бірлескен оқу-жаттығу жиыны туралы жылы пікір білдірді.
Өзбекстандық боксшы, World Boxing 2025 әлем чемпионы Жавохир Умматалиев қазақстандық спортшылармен бірге өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны туралы өз әсерін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстандағы бұл алғашқы жиыны болса да, дайындық процесі өзіне де, өзге спортшыларға да қатты ұнаған.
Жавохир Умматалиев жаттығу жағдайына, тамақтану сапасына және адамдардың ашық мінезіне ерекше назар аударды.
“Мен бұл жиынға алғаш рет келіп отырмын, бірақ маған өте ұнады. Тек маған ғана емес, бәріне ұнады деп ойлаймын. Жаттығу залы, тамақтану, жігіттердің бәрі керемет. Халық өте достық пейілді, қонақжай. Қазақстанды дәл осылай білетінбіз”, — деді ол.
Өзбекстандық чемпионның сөзінше, ол Төрехан және Махмұд Сабырханмен жақсы араласады. Ортақ жиын барысында спортшылар тек жаттығып қоймай, бос уақыттарын да бірге өткізіп жүр.
“Төрехан және Махмұд Сабырханмен доспыз. Атқа да міндік, жаттығу да жасап жатырмыз, жарысқа қызу дайындалып жатырмыз”, — деді Умматалиев.
Боксшы мұндай ортақ дайындықтың Қазақстан, Өзбекстан ғана емес, басқа елдер үшін де маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, халықаралық жарыстар алдында бірге жаттығу жасау спортшылардың тәжірибесін арттырады.
“Меніңше, қазақтарға да, өзбектерге де, Түркия мен Түркіменстан спортшыларына да бұл өте үлкен тәжірибе. Себебі біз жарыс алдында бірлескен жиын өткізіп жатырмыз”, — деп атап өтті әлем чемпионы.
Жавохир Умматалиев алдағы жарыстарда Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары ең үздік нәтижелердің бірін көрсетеді деп есептейді.
“Менің ойымша, жарыста бірінші орын аламыз. Бірінші және екінші орындарды Өзбекстан мен Қазақстан иеленеді деп ойлаймын”, — деді ол.