Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтетін бокстан Азия чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасынан қатысуы мүмкін басты жұлдыздардың есімі жарияланды.
Ұйым таратқан ақпаратқа қарағанда, Ұлан-Батырдағы Азия чемпионаты-2026 тек құрлықтық емес, әлемдік деңгейдегі бәсекеге айналмақ. Жарысқа Олимпиада чемпиондары, жүлдегерлері және соңғы жылдары аты шығып келе жатқан жас боксшылар қатысады деп күтілуде.
Азия чемпионатында Париж Олимпиадасынан кейін рингке қайта оралатын көптеген үздік спортшылар бас қосады. Бұл турнирді соңғы жылдардағы ең мықты құрлықтық жарыстардың біріне айналдырып отыр.
Қазақстан атынан жарысқа қатысуы мүмкін ең танымал спортшылардың бірі — Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай. Сондай-ақ құрамда Махмұд Сабырхан, Айбек Оралбай және Валентина Хальзова секілді тәжірибелі әрі танымал боксшылардың да болуы ықтимал екені айтылды.
Бұдан бөлек, ерекше назар аудартқан есімдердің қатарында Қазақстанның жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін өкілі Төрехан Сабырхан да бар.
Азия чемпионатында Қазақстаннан бөлек, құрлықтың өзге алпауыт құрамалары да ең үздік спортшыларын алып келмек. Атап айтқанда:
Осының бәрі жарыстың бәсекелестік деңгейін бұрынғыдан да арттыра түспек.
Ұйым мәліметінше, құрлық біріншілігіне Азияның түкпір-түкпірінен 250-ге жуық боксшы қатысуға өтінім берген. Бұл көрсеткіш турнирдің ауқымы мен маңызын анық көрсетіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Ұлан-Батырдағы Азия чемпионаты тарихтағы ең тартысты әрі мәртебелі додалардың біріне айналуы мүмкін.
Айта кету керек, Қазақстан құрамасының Азия чемпионатына баратын нақты ресми құрамы әлі толық жарияланбаған. Сондықтан әзірге жарияланған есімдер алдын ала мәлімет ретінде қарастырылып отыр.
Бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты-2026 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында Ұлан-Батыр қаласында өтеді.