Қазақстандық Олимпиада чемпионы жағымсыз жаңалық естіді

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтың Zuffa Boxing ұйымындағы көптен күткен алғашқы жекпе-жегі кейінге қалды.

Қазақстандық Олимпиада чемпионы жағымсыз жаңалық естіді
instagram/@yeleussinovdaniyar

Жаңа лигадағы дебют өтпей қалды

Жартылай орта салмақта жеңіліп көрмеген Данияр Елеусінов (13-0) биыл сәуір айында Zuffa Boxing лигасында алғаш рет шаршы алаңға шығуы керек болған. Айта кетейік, Zuffa Boxing — UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясының Ойын-сауық істері жөніндегі бас басқарма төрағасы Турки әл аш-Шейхтің жаңа жобасы.

Бірақ қазақстандық боксшы қатысуы тиіс кеш BoxRec кестесінде көрінбей, жанкүйерлер арасында түрлі сауал туғызды.

Жекпе-жек неге шегерілді?

Мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін қазақстандық боксшының менеджері Зиёй Алиев пікір білдірді. Оның айтуынша, Данияр Елеусіновтың жекпе-жегі әзірге кейінге шегерілген және алдын ала болжам бойынша маусым айында өтуі мүмкін.

Менеджер қазір нақты күннің ресми түрде расталуын күтіп отырғандарын жеткізді.

Кардтың толып кетуі мен денсаулықтағы мәселе әсер еткен

Зиёй Алиевтің сөзінше, жоспарланған бокс кешінің кардында орын толық болған. Соған байланысты бұл өзгеріс белгілі бір деңгейде команда үшін тиімді де болып шыққан.

Өйткені Елеусіновке оқу-жаттығу лагерінде көбірек уақыт өткізіп, қосымша спаррингтер жасауға мүмкіндік туған. Менеджердің айтуынша, дәл осы тұс командаға аса қажет болған, себебі сапалы спарринг-серіктес табу оңайға соқпаған.

Сонымен қатар дайындық барысында Данияр Елеусіновтың денсаулығына қатысты қиындықтар пайда болған. Осы себепті жекпе-жектің шегерілуі боксшы командасының пайдасына шешілген жағдай ретінде бағаланып отыр.

Иван Дычконың жекпе-жегі өзгеріссіз қалады

Елеусіновке қатысты өзгеріске қарамастан, тағы бір қазақстандық боксшы Иван Дычконың жекпе-жегі әзірге бұрынғы жоспар бойынша өтеді. Менеджердің мәліметінше, оның айқасы 10 мамырға белгіленген және бұл дата өзгермеген.

Менеджер Zuffa Boxing-тің жұмыс форматы өзге промоушендерден бөлек екенін де атап өтті. Оның сөзінше, жекпе-жектер бірінен соң бірі ұйымдастырылатындықтан, ұйым барлық айқасты алдын ала BoxRec порталына енгізе бермейді.

Сондықтан жанкүйерлер көрмеген ақпарат жекпе-жектің толық жойылғанын емес, ұйымның ішкі жұмыс тәртібін де білдіруі мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық боксшылардың мүддесін қорғайтын тарап Данияр Елеусіновтың жекпе-жегі 5 сәуірге жоспарланғанын және келісімшартқа қол қойылғанын мәлімдеген.

×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір