"Бірінші орын ешқайда кетпейді!" Төрехан Сабырхан басты қарсыластарын атады

Сарапшы, спорт журналисі
31.03.2026, 19:58

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 2026 жылғы Азия чемпионатына қатысты өз ойын айтып, басты қарсыластары туралы пікір білдірді.

instagram/@sabyrkhantorekhan

Сабырхан: “Бұл салмақта бірінші орын алуымыз керек”

Төрехан Сабырхан дайындық барысы жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, жанкүйерлерге арнайы сәлем жолдады.

“Ең алдымен, баршаңызға ассалаумағалейкум! Моңғолиядан қазақ еліне жалынды сәлем!

Жаттығу процесін өздеріңіз көрдіңіздер — бәрі керемет. Көңіл-күйіміз өте жоғары. Салмақ жағынан еш қиындық жоқ. Енді алдағы жекпе-жектерді күтіп отырмыз.

Мұнда Иордания боксшысы (Ливерпульдегі әлем чемпионатында кездескен) және жапониялық Акадзава бар. Олар турнирлік кестенің басқа бөлігінде. Құдай қаласа, өте жоғары деңгейде өнер көрсетеміз. Әсіресе “қазақ салмағы” саналатын 69–71 келіде. Бұл салмақта қалай болғанда да бірінші орын алуымыз керек. Себебі бізден бұрынғы ағаларымыз тек алтын алған. Менің ойым осындай...

Қолдау көрсетіңіздер! Бұйырса, командалық есепте де бірінші орын біздікі болады”, — деді Сабырхан.

Негізгі қарсыластар кімдер?

Сабырхан өз сөзінде турнирдегі басты бәсекелестердің бірі ретінде Иордания боксшысын және жапониялық Акадзаваны атап өтті. Айта кетейік, олар қазақстандық боксшыдан турнирлік тордың басқа бөлігінде орналасқан.

Қазақстандық былғары қолғап шебері бұл чемпионатқа 70 келіге дейінгі салмақта World Boxing рейтингісінің көшбасшысы және 2025 жылғы Ливерпульдегі әлем чемпионы ретінде қатысып отыр.

Алғашқы жекпе-жек қашан өтеді?

Төрехан Сабырхан Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуін 3 сәуір күні өткізеді. Ол жарысты бірден ширек финалдан бастайды.

Қарсыласы Ён Су Ким (Оңтүстік Корея) немесе Шамшер Саидов (Тәжікстан) жұбының жеңімпазы болады.

Реклама
Реклама