Қызайбай қуантты, ал екі боксшы жарыстан шығып қалды: Әлем кубогындағы драма

Сарапшы, спорт журналисі
20.04.2026, 22:22

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing аясындағы әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстан құрамасы күндізгі сессияны бір жеңіс және екі жеңіліспен аяқтады.

Instagram/@tulemissov_daulet

Назым Қызайбай келесі кезеңге өтті

А рингінде 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Назым Қызайбай 1/16 финалда түркиялық Айшен Ташқынмен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысында қазақ боксшысы төрешілердің 4:1 есебіндегі шешімімен жеңіске жетті.

Осы нәтижеден кейін Назым жарыстың келесі айналымына жолдама алды.

Дәулет Төлемісов турнирмен қоштасты

Сол А рингінде 90 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дәулет Төлемісов 1/8 финалда шаршы алаң иесі, бразилиялық Исайас Фильомен кездесті. Бұл жекпе-жекте төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен бразилиялықты жеңімпаз деп таныды.

Жансері Көшербаев ирландиялыққа есе жіберді

В рингінде 60 келіге дейінгі салмақтағы 1/16 финал аясында Жансері Көшербаев ирландиялық Джуд Галлахерге қарсы шаршы алаңға шықты. Тартысты өткен кездесу соңында төрешілер жеңісті қарсыласқа берді.

Нәтижесінде қазақстандық былғары қолғап шебері турнирдің келесі кезеңіне өте алмады.
Фос-ду-Игуасудағы турнир 26 сәуірге дейін жалғасады. Әлем кубогына 50 елден 400-ден астам боксшы қатысып жатыр.

Реклама
Реклама