Лаура Есенкелді испаниялық қарсыласын ойсырата жеңді (ВИДЕО)
Қазақстандық боксшы Қытайдың Гуйян қаласында World Boxing ұйымы аясындағы Әлем кубогы кезеңінде сенімді жеңіске жетті.
70 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасты
Лаура Есенкелді жарыстың 1/16 финалында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде испаниялық Уния Мартинес Маспен кездесті. Қазақ қызы бұл жекпе-жекте рингтегі басымдығын толық дәлелдеп, келесі кезеңге жолдама алды.
Есенкелді алғашқы минуттарда қарсыласын барлап, негізінен джеб арқылы арақашықтықты бақылауға тырысты. Ол бірден тәуекелге бармай, қарсыласының қимылын зерттеп алды. Дегенмен раунд ортасына қарай Лаура өз ырғағын тауып, шабуыл қарқынын арттырды. Қарсыласын комбинациялармен қысымға алып, рингтегі қашықтықты тиімді пайдаланды. Кей сәттерде испаниялық боксшыны арқанға қарай ығыстырса, енді бір эпизодтарда екінші нөмірмен қарсы шабуылда дәл соққыларын дарытты.
Уния Мартинес Мас жақын қашықтықта белсенділік танытуға тырысқанымен ұмтылыстары нәтижесіз болды. Испаниялық боксшы бірнеше рет клинч арқылы қарқынды бәсеңдетуге тырысты, бірақ бұл да Лаураның жоспарын бұза алмады.
Төрешілер жеңімпазды бірауыздан мойындады
Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Лаура Есенкелдіге берді. Қазақ боксшысы 5:0 есебімен айқын басымдық танытып, Әлем кубогының 1/8 финалына шықты.
25 жастағы Шымкент өкілі бұған дейін Моңғолияда өткен Азия чемпионатында рингке шыққан. Ол кезде 65 келіге дейінгі салмақта үндістандық Анкушита Бороға төрешілердің бөлінген шешімімен жол берген.