"Бапкерді тыңдамайды": Тұрсынғали Еділов ұлттық құрамадағы жағдай туралы айтты

Жекпе-жек шолушысы
Бүгін, 19:50

Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Тұрсынғали Еділовтың пікірінше ұлттық құрамада тәртіп пен бапкер беделі бірінші орында тұруы тиіс.

instagram/@tursungali.edilov

Боксшылар бапкердің талабын толық орындауы керек

Отандық бокстың белгілі маманы Тұрсынғали Еділов ұлттық құрамадағы тәртіп мәселесіне қатысты пікір білдірді. Тәжірибелі бапкердің сөзінше, кей жағдайда боксшылар жаттықтырушылар штабының тапсырмасын толық орындамай, рингте өз бетінше шешім қабылдай бастайды.

Еділов мұндай жағдай ұлттық құрама деңгейінде болмауы керек деп есептейді.

“Кейбір сәттерде бапкерлердің талаптары мен нұсқаулары орындалмай жатады. Сол кезде боксшылар өздері шешім қабылдай бастайды. Ұлттық құрамада қатаң тәртіп пен бапкердің беделі бірінші орында болуы қажет”, – деді Тұрсынғали Еділов.

Боксшы мен бапкер арасындағы сенім туралы

Еңбек сіңірген бапкер ұлттық құрамадағы әр боксшы жаттықтырушылар штабының тапсырмасын бұлжытпай орындауы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, жоғары деңгейдегі нәтижеге жету үшін боксшы мен бапкер арасында өзара сенім және тәртіп болуы маңызды.

“Спортшы мен бапкер арасында сенім мен тәртіп болуы керек. Сондықтан ұлттық құрамадағы әрбір боксшы жаттықтырушылар штабының айтқанын толық орындауға міндетті”, – деп атап өтті Еділов.

Қазір Қазақстан ерлер құрамасын Нұржан Насанов басқарады. Ол команданы қаңтар айының басында қабылдады. Бұған дейін бұл қызметті Қайрат Сәтжанов атқарды. 

Сәтжановтың қызметінен кетуі қоғамда үлкен талқылау туғызды. Әсіресе, оның қызының мәлімдемесінен кейін Қазақстан бокс федерациясының басшылығы әлеуметтік желіде сынға ұшырады.

Кейін белгілі бапкерге автокөлік сыйға тартылып, ол Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды.

Реклама
Реклама