Шавкат Рахмонов октагонға оралуға дайындалып жатыр (ВИДЕО)
Қазақстандық UFC жұлдызы ұзақ үзілістен кейін қайтадан жаттығуға кірісті.
Германияда жаттығу жасап жүр
Шавкат Рахмонов Instagram парақшасында Германиядағы спорттық клиникалардың бірінде түсірілген видеосын жариялады. Бұған дейін қазақстандық файтердің оңалту жұмыстарының екінші кезеңінен өту үшін қайтадан осы елге барғаны хабарланған.
Жарияланған кадрларда "Номадтың" бапкерімен бірге лапада жұмыс істеп, соққы техникасын пысықтап жатқанын көруге болады. Сонымен қатар арнайы изокинетикалық тренажерде жаттығу жасаған. Мұндай құрылғы көбіне аяқ бұлшықеттерінің күшін қалпына келтіру және буын қызметін жақсарту үшін қолданылады.
Бұл Рахмоновтың жарақаттан кейінгі қалпына келу процесі шешуші кезеңге жақындағанын аңғартуы мүмкін.
Соңғы жекпе-жегі UFC 310 турнирінде өтті
Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың 8 желтоқсанында Лас-Вегастағы UFC 310 турнирінде октагонға шыққан. Сол кештің екінші басты жекпе-жегінде ирландиялық Иэн Гэрримен кездесіп, бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті.
Осы жеңістен кейін Рахмонов мінсіз рекордын сақтап қалды және UFC-дің жартылай орта салмағындағы басты үміткер мәртебесін нығайтты.
Бірақ кейін қазақстандық файтер тізесіндегі жарақатына байланысты бірнеше операция жасатты. Осыған байланысты бір жарым жылдан астам уақыт бойы октагонға шыққан жоқ.
Бакуде жанкүйерлер "Номадты" ерекше қарсы алды
Биыл 27 маусымда Бакуде өткен UFC Fight Night 280 турнирінде Шавкат Рахмонов көрермен ретінде төбе көрсетті. Ол турнирге өзінің командаласы Асу Алмабаевтың жекпе-жегін қолдау үшін келген.
Рахмоновтың аренаға келуі жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстандық файтер трибунада классикалық костюммен отырды, ал оның октагон маңына қарай жүрген сәтін залдағы көрермендер ду қол шапалақпен қарсы алды.
Трансляция операторлары да Шавкатты бірнеше рет ірі планда көрсетіп, оны UFC-дің әлемдік деңгейдегі басты жұлдыздарының бірі ретінде назарға ұсынды.