"Еркебұлан үшін": "Мотиватор" Бекембетов Марсельге жекпе-жек ұсынды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық ММА файтері Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетов қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулына ашық түрде үндеу жасады.

"Еркебұлан үшін": "Мотиватор" Бекембетов Марсельге жекпе-жек ұсынды (ВИДЕО)
instagram/@anuarbekmotivator

Бекембетов Марсельді Nomad алаңына шақырды

Әнуарбек Бекембетов Instagram парақшасында алдағы жоспары туралы айтып, Мұхит Амантаевпен болған жекпе-жектен кейін енді жаңа қарсыласқа дайын екенін жеткізді.

Оның сөзінше, Мұхитпен арадағы мәселе толық аяқталған. Енді "Мотиватор" қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулымен кездескісі келеді.

"Сіздер маған бұған дейін: “Мұхитті жеңгеннен кейін кіммен жұдырықтасатыныңды айтпадың ғой” деп еске салдыңыздар. Иә, айтуды ұмытып кетіппін. Бірақ қазір Мұхитпен бәрі аяқталды, бұл тарихқа нүкте қойылды деуге болады.

Әрі қарай не болатынын көреміз. Мұхиттің қайта жұдырықтасуға аса ниеті жоқ сияқты. Бірақ реванш пен жақсы гонорар болса, мен үшін қызықты нұсқа болар еді.

Шынымды айтсам, мен Марсельді шақырғым келген. Мұхитті жеңгеннен кейін бірден микрофон алып, Марсельге челлендж тастауды жоспарлаған едім.

Жалаң жұдырық ережесі бойынша Nomad-та. Мұхамеджан, Исламбек, бұл видеоны көресіздер деп үміттенемін. Марсель екеуміздің аяқталмаған ісіміз бар. Кеттік, “газ”, мен дайынмын.

Марсельмен болған оқиғаға нүкте қоямын. Сонымен бірге Еркебұлан үшін де үлкен нүкте қоямын", — деді Бекембетов.

Марсель Еркебұлан Тоқтарды жеңген

Еске салайық, 28 наурыз күні Еревандағы Hype FC 28 турнирінде Марсель Нұрланбек уулу қазақстандық Еркебұлан Тоқтарды сенсациялық түрде жеңген.

Бұл үш раундтық жекпе-жек жеңіл салмақта өтті. Кездесу бокс ережесімен ұйымдастырылғанымен, спортшылар қатты ММА қолғаптарымен жұдырықтасты. Төрешілер қорытындысы бойынша жеңіс бірауыздан Марсельге берілді.

Осы нәтиже қазақстандық жанкүйерлер арасында үлкен талқылау тудырған еді. Енді Бекембетов сол жеңіліске байланысты Марсельмен жеке есеп айырысқысы келетінін ашық айтты.

"Мотиватор" Мұхит Амантаевты нокаутқа түсірді

Әнуарбек Бекембетов 4 шілде күні Алматыдағы IBA Nomad 15 турнирінде бокс бапкері Мұхит Амантаевқа қарсы жекпе-жек өткізді.

Кездесу "ММА тік тұрыста" ережесі бойынша ұйымдастырылды. Жекпе-жек барысында Бекембетов соққыларын дәлірек жұмсап, қарсыласын психологиялық және физикалық тұрғыдан басып озды.
Финалдық бөлікте "Мотиватор" қарсыласын нокаутқа жіберіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.