"24/7 дайынмын": Марсель "Мотиватор" Бекембетовтің шақыруын қабылдады (ВИДЕО)
Қырғызстандық ММА файтері Марсель Нұрланбек уулу Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетовтің ашық үндеуіне жауап берді.
Реваншқа келісім берді
Марсель Нұрланбек уулу Instagram парақшасында арнайы видео жариялап, "Мотиватордың" шақыруын қабылдағанын айтты. Қырғызстандық файтердің сөзінше, ол Әнуарбек Бекембетовпен қайта кездесуге қарсы емес.
"Ассалаумағалейкум, Қырғызстан халқы. Өздеріңіз білесіздер, “Мотиватор” Мұхитпен жұдырықтасты. Бұған дейін Мұхит-аға үнемі жеңіп жүрген еді, бірақ қазір ол маған қызық емес. Неге? Себебі ол Әнуарбек “Мотиватордан” жеңілді. Әнуарбек тактиканы өте сауатты құрды, таза ММА стилінде әрекет етті. Сол арқылы жеңіске жетті", — деді Марсель.
Оның айтуынша, Бекембетовпен бұған дейін де кездескен және сол жекпе-жекте жеңіске жеткен.
"Біз “Мотиватормен” бұрын жұдырықтасқанбыз, мен оны 15 секундта жеңгенмін. Егер соны тағы көргілеріңіз келсе, мен кез келген уақытта дайынмын. 24/7 байланыстамын, артқа шегінбеймін. Біз жекпе-жекке дейін сөйлесіп, реванш өткізуге келіскенбіз", — деді қырғызстандық файтер.
"Толық газ": Марсель Nomad-та жұдырықтасуға дайын
Марсель Нұрланбек уулу реванш ұйымдастырылса, ешқандай қиындық болмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, бұған дейін де ALFA Reality лигасы бұл жекпе-жекті өткізуді ұсынған, бірақ ол кезде тараптар келісімге келе алмаған.
"Әнуарбек-аға, егер қаласаңыз — толық газ. Мен ешқашан артқа шегінбеймін, мұны өзіңіз де білесіз. Бізге ALFA Reality-де жекпе-жек ұсынған еді, бірақ сол кезде сіз гонорар аз деп келіспедіңіз. Егер енді Nomad бұл кездесуді ұйымдастырса, ешқандай мәселе жоқ. Исламбекте менің нөмірім бар, кез келген уақытта хабарлассын. Мен 24/7 дайынмын. Маған тек дайындыққа бір жарым ай керек. Кіммен болса да, қай жерде болса да дайынмын. Газ!", — деді Марсель.
Қырғызстандық файтер жанкүйерлерін қолдау білдіруге шақырып, Бекембетовпен реванш өтсе, ММА-дағыдай жалаң жұдырық ережесінде де өз деңгейін көрсететінін айтты.
Бекембетов Марсельді Еркебұлан үшін шақырған еді
Бұған дейін Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетов Марсель Нұрланбек уулына ашық түрде жекпе-жек ұсынған. Ол бұл шешімін қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтардың жеңілісімен байланыстырды.