"Сен келесісің": Еркебұлан Тоқтар жаңа қарсыласына ашық ескерту жасады

Жекпе-жек шолушысы
11.07.2026, 18:20

Қазақстандық ММА файтері әлеуметтік желі арқылы ресейлік поп-ММА өкілі Шовхал Чурчаевқа үндеу жолдады.

instagram/@erkebulan_toktar

"Шовхал Чурчаев, сен келесісің" 

Еркебұлан Тоқтар Instagram парақшасында жаңа жазба жариялады.

Ол IBA Nomad 15 турниріндегі соңғы жекпе-жегінен кадр бөлісіп, Шовхал Чурчаевты келесі қарсыласы ретінде атады.

"Шовхал Чурчаев, сен келесісің", — деп жазды Еркебұлан Тоқтар.

Жарияланған суретте қазақстандық файтер октагонға қасқыр бейнесіндегі бас киіммен шығып келе жатқан сәтте көрінеді.

Тоқтар Артем Тарасовты нокаутпен жеңген

4 шілде күні Алматыдағы IBA Nomad 15 турнирінде Еркебұлан Тоқтар ресейлік файтер әрі блогер Артем Тарасовпен кездесті.

Жартылай орта салмақта ұйымдастырылған айқас "түрегеп тұрып ММА" ережесі бойынша өтті. Қазақстандыққа жеңіске жету үшін бірінші раундтағы шамамен 100 секунд жеткілікті болды.

Тоқтар алдымен қарсыласын нокдаунға түсіріп, артынша жекпе-жекті нокаутпен аяқтады.

Тоқтар мен Чурчаев арасындағы жанжал қалай басталды?

Еркебұлан Тоқтар мен Шовхал Чурчаев арасындағы сөз тартысы 2026 жылдың сәуір айында әлеуметтік желіде басталған.

Шешенстан тумасы қазақстандықтың жалаң жұдырықпен өтетін турнирдегі жеңілісінен кейін оған көпшілік алдында сөз тастады. Чурчаев екі спортшының кездесуін "ТМД аумағындағы ең ауқымды жекпе-жекке" айналдыруды ұсынған.

Кейін ресейлік спортшы шанышқыға ет ілінген бейнеролик жариялап, қарсыласын арандатуға тырысты.

"Еркебұлан, алдымен жекпе-жекті қабылда, содан кейін кәмпит немесе ет аласың", — деген еді Чурчаев.

Бұл мәлімдеме келісімшартқа қол қою үдерісінің созылып кеткенін меңзеген провокация ретінде қабылданды.

Еркебұлан Тоқтар шақыруды қабылдаған

Қазақстандық файтер қарсыласының сөзіне көп күттірмей жауап берді. Еркебұлан Тоқтар дайын ет көрсетілген әзілге толы бейнеролик жариялап, айқасқа дайын екенін мәлімдеді.

"Жолға шықтым, келісімшартыңды дайында. Оларға хайп керек болса, маған қоңырау шалады", — деді Тоқтар.

Осылайша екі файтер де жекпе-жек өткізуге қызығушылық танытқан. Бірақ әзірге Еркебұлан Тоқтар мен Шовхал Чурчаев арасындағы айқастың нақты күні мен турнирі ресми түрде жарияланған жоқ.

Реклама
Реклама