Айдана Убайдуллақызы Қазақстанға екінші алтынды сыйлады (ВИДЕО)
Отандасымыз 19 жасқа дейінгі қыздар арасында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Үндістан өкілін жеңді.
Индонезия астанасы Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Айдана Убайдуллақызы 80 келіге дейінгі салмақта шешуші айқасқа шықты.
Кездесу өте тартысты өтті. Қазақстандық боксшы алғашқы минуттардан бастап ринг ортасын бақылауға тырысып, қарсыласына қысым жасады. Алайда үндістандық спортшы да белсенді шабуылдап, дәл соққыларымен көзге түсті.
Алғашқы раунд қорытындысы бойынша төрешілер басымдықты Мега Шеокандқа берді. Есеп — 4:1.
Екінші үш минуттықта қазақстандық боксшы тактикасын өзгертіп, белсендірек қимылдады. Ол қысымды күшейтіп, қарсыласының шабуылдарына нақты жауап қайтара бастады.
Раунд қорытындысында төрешілер бұл кезеңді Айдана Убайдуллақызының пайдасына берді. Есеп — 4:1.
Үшінші раундта екі боксшы да жеңіс үшін барын салды. Айқастың соңғы бөлігі өте жақын әрі шиеленісті өтті.
Қазақстан әйелдер құрамасының екінші алтыны
Айдана Убайдуллақызының жеңісі Қазақстан әйелдер құрамасына осы турнирдегі екінші алтын медальді әкелді.
Бұған дейін Камила Оспанова 70 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы атанған еді.