Камила Оспанова өзбек боксшысын жеңіп, Азия чемпионы атанды (ВИДЕО)

Бас редактор

Отандасымыз 19 жасқа дейінгі қыздар арасында 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен болатын. 

Камила Оспанова өзбек боксшысын жеңіп, Азия чемпионы атанды (ВИДЕО)
olympic.kz

Индонезия астанасы Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Камила Оспанова 70 келіге дейінгі салмақта шешуші айқасқа шықты.

Алтын медаль үшін өткен жекпе-жекте Камила Оспанова Өзбекстан өкілі Мафтуна Янгиевамен жұдырықтасты.

Бірінші раунд Камилаға берілді

Алғашқы үш минуттықта Оспанова қашықтықты дұрыс ұстап, дәл соққыларымен көзге түсті.

Раунд қорытындысы бойынша төрешілердің барлығы жеңісті қазақстандық спортшыға берді. Есеп — 5:0.

Екінші раундта қарсыласы тізгінді өз қолына алды

Екінші раундта Мафтуна Янгиева белсендірек қимылдап, жекпе-жек барысын өзгертуге тырысты.

Өзбекстандық боксшы бұл кезеңде басымдық танытып, раундты 4:1 есебімен өз пайдасына аяқтады. Осылайша финал тағдыры шешуші үшінші раундқа қалды.

Шешуші раундта Оспанова жеңісті жұлып алды

Үшінші раундта Камила Оспанова қайта жинақталып, жекпе-жектің соңғы бөлігінде басымдықты өз жағына аударды.

Қазақстандық боксшы шешуші сәттерде дәл әрі сенімді қимылдап, төрешілерді өз пайдасына шешім шығаруға көндірді. Нәтижесінде Оспанова Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Айта кетейік, Камила Оспанова бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті.

Ол 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының чемпионы атанды. Сонымен қатар былтырғы жастар арасындағы Азия чемпионатында және Futures Cup 2026 турнирінде жеңіске жетті.