Қазақ қыздары Джакарта төрінде алты рет әнұран шырқатты

Жекпе-жек шолушысы
Бүгін, 17:36

Отандастарымыз бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы 2026 жылғы Азия чемпионаты финалының алғашқы күнінде алты алтын және үш күміс медаль жеңіп алды.

Instagram/@boxingkazakhstan

U-19 санатында үш қазақстандық Азия чемпионы атанды

19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасының үш өкілі алтын медаль місе тұтты.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Камила Оспанова финалда өзбекстандық Мафтуна Янгиевамен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жекте қазақ қызы төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебінде жеңіске жетті.

80 келіге дейінгі салмақта Айдана Ұбайдуллақызы үндістандық Мегу Шеокандтан басым түсті. Төрешілер қорытындысы бойынша жеңіс Қазақстан боксшысына берілді.

Ал 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай тағы бір үндістандық Пречи Токасқа еш мүмкіндік қалдырмады. Финалды 5:0 есебімен аяқтап, құрлық чемпионы атанды.

U-23 құрамасы да үш алтын медаль иеленді

23 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы турнирде Қазақстан қоржынына тағы үш алтын медаль түсті.

48 келіге дейінгі салмақта Гүлназ Бөрібаева моңғолиялық Содон-Од Биндерияны 5:0 есебімен сенімді жеңді.

70 келіге дейінгі салмақта Азиза Исина өзбекстандық боксшы Райхона Курбонбоевамен жұдырықтасты. Тең дәрежеде өткен финалда қазақстандық боксшы 3:2 есебімен басым түсті. 

75 келіге дейінгі салмақта Шұғыла Нәлібай үнді қызы Мусканды төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебінде тізе бүктіріп, Азия чемпионы атанды.

Үш боксшы күміс жүлде алды

Финалдық жекпе-жектердің алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының үш өкілі күміс медаль иеленді.

51 келіге дейінгі салмақта Анита Әдішева өзбекстандық Гүлсевар Ғаниеваға 1:4 есебімен есе жіберді.

57 келіге дейінгі салмақта Ұлжан Сәрсенбек тағы бір өзбек қызы Хуморабону Мамажоноваға дәл осындай 1:4 есебімен жол берді.

Ал 80 келіге дейінгі салмақта Құралай Егінбайқызы Рухшона Парпиевадан 0:5 есебімен жеңілді.

Реклама
Реклама