Қазақстандық ММА файтері допинг үшін төрт жылға шеттетілді

Жекпе-жек шолушысы
03.08.2026, 17:42

Аралас жекпе-жек шебері Мәжит Сардаровтың сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты табылған.

instagram.com/mazhit_sardarov/

Мельдоний анықталды

Жаһандық аралас жекпе-жек қауымдастығының (GAMMA) тәуелсіз допингке қарсы бағдарламасын жүзеге асыратын Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) қазақстандық ММА файтері Мәжит Сардаровқа қатысты шешім шығарды.

Ұйымның мәліметінше, оның допинг сынамасынан Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік тыйым салған мельдоний заты анықталған. Сынама 2024 жылғы 14 желтоқсанда Индонезияның Бантен қаласында өткен GAMMA әлем чемпионаты кезінде алынған.

Мельдоний WADA-ның тыйым салынған препараттар тізіміне кіреді. Оны жарыс уақытында ғана емес, жаттығу және жарыстан тыс кезеңде де қолдануға болмайды. Аталған препарат спортшының төзімділігін арттырып, физикалық жүктемеден кейін ағзаның тез қалпына келуіне ықпал етуі мүмкін.

2029 жылға дейін жарыстарға қатыспайды

Мәжит Сардаров 2025 жылғы 24 ақпанда уақытша жарыстардан шеттетілген. Кейін қазақстандық файтер допингке қарсы ережені бұзу фактісіне қарсылық білдірмеген.

Осыған байланысты ITA спортшыны төрт жылға дисквалификациялау туралы шешім қабылдады. Жаза мерзімі 2025 жылғы 24 ақпаннан басталып, 2029 жылғы 23 ақпанда аяқталады.

Дисквалификациядан бөлек, Сардаровтың 2024 жылғы GAMMA әлем чемпионатында көрсеткен барлық нәтижесі күшін жойды. Сондай-ақ оның 2024 жылғы 14 желтоқсан мен 2025 жылғы 24 ақпан аралығында тіркелген спорттық нәтижелері де есептен шығарылды.

Реклама
Реклама