Жарнама
Жарнама

"Секундантың болайын": "Мотиватор" бұрынғы қарсыласына көмек ұсынды

Қазақстандық ММА файтері Әнуарбек "Мотиватор" Бекембетов өзінің бұрынғы қарсыласы, боксшы Мұхит Амантаевқа алдағы мансабына қатысты кеңес берді.

"Секундантың болайын": "Мотиватор" бұрынғы қарсыласына көмек ұсынды
sports.kz

Жеңісті серия қажет

“Мотиватордың” пікірінше, соңғы сәтсіздіктерден кейін Мұхит Амантаевқа психологиялық тұрғыдан қайта қалыпқа келіп, бірнеше жеңіс жинау маңызды. Бекембетов оған гонорар мәселесінде жоғары талап қоймай, Octagon, Naiza немесе Nomad секілді лигаларда жиі жекпе-жек өткізуге кеңес берді.

“Мұхитқа кішкене кеңес айтқым келеді. Қазір оның күйзеліске түсіп жүргенін түсінемін. Барлығымыз да жеңілгенбіз. Жеңілісті қабылдай білу керек. Ең бастысы – шыдап, әрі қарай жұмыс істеу”, – деді Бекембетов.

Оның сөзінше, Амантаевтың басты мақсаты – қайтадан жеңіс жолына түсіп, жанкүйерлерге өзінің мүмкіндігін көрсету.

Камиль “Каратэ” немесе “Сатурн”

Бекембетов ықтимал қарсыластардың да есімдерін атады. Ол Амантаевқа Камиль “Каратэ” Хасановпен және өзбекстандық Огабек “Сатурн” Абдумуминовпен кездесу идеясын ұсынды. Сонымен қатар ол басқа да медиа-файтерлермен жекпе-жек өткізу Амантаевқа пайдалы болатынын жеткізді.

“Саған жеңісті серия керек. Камиль “Каратэмен”, “Сатурнмен” немесе басқа танымал жігіттермен шығуға болады. Қазір жай ғана файтер болып, октагонға шығып, жеңу қажет. Мықты медиа қарсыласты тоқтатып, өзіңді қайта көрсетуің керек”, – деді “Мотиватор”.

Секундант жайлы

Әнуарбек Бекембетов тіпті бұрынғы қарсыласына көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

“Қаласаң, өзім секундант болып барамын. Нақты айтып отырмын. Маған айтсаң, келіп, бұрышта көмектесемін. Қазақстан, алға!” – деді файтер Instagram парақшасында.

Еске салайық, Әнуарбек Бекембетов пен Мұхит Амантаевтың жекпе-жегі 4 шілдеде Алматыда IBA Nomad 15 турнирінде ұйымдастырылды. Айқас жартылай жеңіл салмақта “ММА тұрыста” ережесі бойынша өтті. Үшінші раундта Бекембетов қарсыласының бауырына ауыр соққы дәл тигізіп, нокаутпен жеңіске жетті.

Камиль “Каратэ” мен “Сатурн” кім?

38 жастағы Камариддин Хасанов, яғни Камиль “Каратэ” – Тәжікстанның каратэден он дүркін чемпионы. Сондай-ақ Әлем кубогын жеңіп, әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген.

Ал 25 жастағы өзбекстандық Огабек “Сатурн” Абдумуминов – поп-ММА өкілі әрі блогер.

Екеуі де жартылай жеңіл салмақ пен BMF санатында өнер көрсетеді. Олар 2026 жылдың мамырында Ташкенттегі OCTAGON 86 турнирінде бір-бірімен кездесіп, Камиль “Каратэ” “Сатурнның” кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеді.

Жарнама
Жарнама