"Қазақстан Барысы-2026" жеңімпазы анықталды (ВИДЕО)
Астанада қазақ күресінен дәстүрлі "Қазақстан Барысы" республикалық турнирі өз мәресіне жетті.
Финалға кімдер шықты?
Жартылай финалдық белдесулерде Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбай Шымкент қаласының өкілі Нұрсұлтан Қожагелдіұлын жеңді. Ал екінші жартылай финалда Маңғыстау облысының балуаны Жантiлек Нұртілепұлы Қостанай облысының намысын қорғаған Алмас Жұмағалиден басым түсті.
Осылайша турнирдің басты белдесуінде Ғалымжан Қырықбай мен Жантiлек Нұртілепұлы кездесті.
Жантiлек Нұртілепұлы – “Қазақстан Барысы-2026” чемпионы
Шешуші белдесуде Жантiлек Нұртілепұлы қарсыласын жеңіп, “Қазақстан Барысы-2026” атағын иемденді. Жеңімпазға дәстүр бойынша алтын белбеу, ауыспалы “Тайтұяқ” кубогы және 15 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды. Ал күміс жүлдегер атанған Ғалымжан Қырықбай 3,5 миллион теңге алды.
Үшінші орын үшін өткен белдесуде шымкенттік Нұрсұлтан Қожагелдіұлы мен қостанайлық Алмас Жұмағали күш сынасты. Белдесу қорытындысында Нұрсұлтан Қожагелдіұлы жеңіске жетіп, турнирдің қола жүлдегері атанды. Үшінші орын иегеріне 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.
“Қазақстан Барысы” турнирі алғаш рет 2011 жылы ұйымдастырылған. Содан бері жарыс елдің әр өңірінен келген ең мықты қазақ күресі балуандарын жыл сайын бір кілемде тоғыстырып келеді. 2026 жылы турнир өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.