Асу Алмабаевтың октагонға қашан шығатыны белгілі болды
Қазақстандық файтердің бапкері Эдуард Базров осыған қатысты мәлімдеме жасады.
Асу Алмабаевтың UFC-дегі келесі айқасы қашан өтетінін айтылды. Спортшының бапкері Эдуард Базровтың айтуынша, команда қазір 21 қарашада Қатарда өтетін UFC турниріне дайындалып жатыр. Әзірге қазақстандық файтердің қарсыласы анықталмаған.
"Біз үшін басты мақсат – UFC. Қарашада жекпе-жекке шығуға дайындалып жатырмыз. Қазір 21 қарашада Катарда өтетін турнирге бағыт алып отырмыз. Бұйырса қарсыластың кім екені жақын арада белгілі болады", – деді Базров SPORT+ басылымына.
Негізгі мақсат – UFC чемпиондық белбеуі
Бапкердің сөзінше, Алмабаев соңғы жекпе-жегінен кейін ұзақ үзіліс жасамаған және жаттығуын бірден жалғастырған.
Осы аралықта қазақстандық файтерге еркін күрес пен грэпплинг бағытындағы бірнеше ұсыныс түскен. Базров мұндай белдесулерді Алмабаев үшін қосымша тәжірибе ретінде қарастырып отырғанын айтты.
"Біздің мақсатымыз сол күйінде қалады – UFC белбеуін мүмкіндігінше тезірек Қазақстанға әкелу", – деді бапкер.
Базровтың айтуынша, Асу Алмабаев АҚШ-та арнайы дайындық кезеңінен өтпек. Онымен бірге әлем чемпионатының жүлдегері Асылжан Есенгелді де барған.
Спортшылар Америкада он күн болып, жергілікті балуандармен бірге жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Одан кейін Алмабаев Ыстамбұлға аттанып, ACB JJ аясында чемпиондық белбеу үшін белдеседі.
Асу Алмабаевтың соңғы жекпе-жегі
Қазақстандық спортшы UFC-дегі соңғы кездесуін 27 маусымда Бакуде өткен UFC Fight Night турнирінде өткізді. Ол америкалық Чарльз Джонсонмен кездесіп, үшінші раундта сабмишн арқылы жеңіске жетті.