Төрехан Сабырхан Азиадаға қатыспай ма? Бапкері мәлімдеме жасады
Ілияс Оралбеков әлеуметтік желіде шәкіртіне қатысты жазба жариялады.
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның 2026 жылыы Нагояда өтетін Азия ойындарына қатысуы екіталай. Оның жеке бапкері Ілияс Оралбеков әлеуметтік желіде шәкіртінің құрамаға алынбауы мүмкін екенін меңзейтін жазба жариялаған.
Ерлер құрамасының Азия ойындарына баратын соңғы құрамы әзірге ресми түрде бекітілген жоқ. Сондықтан 70 келі салмақта кімнің Қазақстан намысын қорғайтыны басты сұрақтардың біріне айналып отыр.
Бапкері не деді?
Sportbugin таратқан ақпаратқа сәйкес, Ілияс Оралбеков әлеуметтік желідегі парақшасында Төрехан Сабырханға қатысты жазба жариялады.
"Әлемнің №1 боксшысы неге Азия ойындарына қатыспайды? Мансабындағы жалғыз жеңілісі үшін бе?" – деп жазған бапкер.
Кейін бұл жазба Оралбековтің Instagram парақшасынан өшірілген.
70 келіде бәсеке жоғары
Бұл салмақта Төрехан Сабырханмен бірге тәжірибелі Абылайхан Жүсіповтің де кандидатурасы аталып жүр.
Сабырхан 2025 жылы Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионатында 70 келіде чемпион атанды. Финалда ол жапониялық Севонретс Оказаваны жеңіп, Қазақстан құрамасына алтын медаль әкелген.
Ал Абылайхан Жүсіпов 2025 жылғы IBA әлем чемпионатына Қазақстан атынан қатысқан боксшылар қатарында болды.
Сабырхан биыл Азия чемпионатында жеңілді
2026 жылғы Ұлан-Батордағы Азия чемпионатында Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Нагоядағы Азия ойындары 19 қыркүйекте басталады.