Даңқты MMA файтері Азия ойындарында ел намысын қорғайды
Қазақстандық танымал ММА шебері, Alash Pride лигасының бұрынғы чемпионы Санжар Әділов 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына қатысатынын мәлімдеді.
Келесі кезең — Азия ойындары
Қазақстандық файтер әлеуметтік желідегі парақшасында алдағы маңызды жарысқа дайындалып жатқанын хабарлады.
"Келесі кезең — Азия ойындары. 20 қыркүйекте Азиядағы басты спорттық жарыста кілемге шығамын. Қазақстаннан — Жапонияға. Жаңа қарсыластар, жаңа сынақ және халықаралық аренада Қазақстанды таныту мүмкіндігі. Мен дайынмын", — деп жазды Әділов.
Әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы
Санжар Әділовтың ММА-дағы жетістіктері аз емес. 2017 жылдың қазан айында Астанада WMMAA нұсқасы бойынша әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында аса жеңіл салмақта алтын медаль жеңіп алды.
2023 жылдың желтоқсанында Alash Pride лигасының чемпиондық белбеуін иеленді. Ал 2024 жылы атағын екі рет сәтті қорғады.
Абу-Дабидегі соңғы жекпе-жек
Әділов соңғы рет 2026 жылғы 31 қаңтарда Абу-Дабиде октагонға шыққан.
UAE Warriors 67 турнирінде ресейлік Рашид Вагабовпен кездесті. Үш раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысында төрешілердің бөлек шешімімен жеңіліп қалды.
Бұл Әділовтің UAE Warriors промоушеніндегі дебюттік кездесуі болған.
ММА Азия ойындарында дебют жасайды
ММА 2026 жылғы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет ресми түрде енгізілді.
ХХ жазғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Азия Олимпиадалық кеңесі аралас жекпе-жекті жекпе-жек спорт түрлері санатына енгізіп, алты салмақ дәрежесін бекітті.