Нұрасыл Асамбек әлем чемпионатында украиналық және француз балуандарын жеңіп, америкалыққа есе жіберді
Еркін күрес шебері Нұрасыл Асамбек 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында екі қарсыласын сенімді жеңді.
Жарысты екі жеңіспен бастады
Братиславада U20 әлем чемпионатында Қазақстан намысын 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрасыл Асамбек қорғап жатыр.
Түркістан облысының тумасы алғашқы белдесуінде украиналық Аббас Хусейновты 4:2 есебімен жеңді. Келесі айналымда франциялық Гаспар Шенуге еш мүмкіндік қалдырмады. Асамбек қарсыласын 11:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шықты.
Америкалық балуан басым түсті
Жүлдеге бір қадам жақындаған Нұрасыл Асамбектың ширек финалдағы қарсыласы америкалық Иса Майкл Кортес болды. Бұл белдесуде АҚШ өкілі басымдық танытып, отандасымызға ұпай алуға мүмкіндік бермеді. Кездесу 6:0 есебімен аяқталды.
Осылайша Нұрасыл Асамбек әлем чемпионатының жартылай финалына өте алмады.
Қола медаль алу мүмкіндігі сақталды
Бұған дейін 17 жасқа дейінгі Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған Нұрасыл Асамбектың Братиславадағы әлем біріншілігінде медальға таласу мүмкіндігі әлі бар.
Егер оны жеңген Иса Майкл Кортес финалға шықса, қазақ балуаны жұбаныш белдесулері арқылы қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алады.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.