Қазақ балуаны U20 әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды
Еркін күрес шебері Нұрдәулет Сейілбеков Словакия астанасы Братиславада 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
Қола үшін белдесуде итальяндықты жеңді
74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық балуан үшінші орын үшін Алессио Перентиномен белдесті. Сейілбеков белсенді күресіп, қарсыласын 10:5 есебімен жеңді. Осы нәтиженің арқасында Братиславадағы U20 әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Нұрдәулет Сейілбеков іріктеу кезеңін өткізіп жіберіп, жарысты бірден 1/8 финалдан бастады.
Алғашқы белдесуінде молдовалық Каталин Спинуды 11:1 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Ширек финалда түркиялық Умут Услуды тартысты бәсекеде 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Жартылай финалда америкалық балуаннан жеңілді
Финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Сейілбеков АҚШ намысын жыртқан Джейдан Джеймске қарсы күресті. Бұл белдесуде америкалық балуан 13:4 есебімен басым түсіп, қазақстандық боз кілем шебері қола медаль үшін өтетін кіші финалға жолдама алды.
Шешуші белдесуде Нұрдәулет Сейілбеков мүмкіндігін мүлт жібермей, ел қоржынына тағы бір жүлде салды.