Жарнама
Жарнама

Корейлік дзюдошы Шерзод Давлатовты Grand Slam финалына жібермеді

Қазақстандық дзюдошы Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан Grand Slam турнирінің жартылай финалында оңтүстіккореялық Ха Рим Лиге есе жіберді.

Корейлік дзюдошы Шерзод Давлатовты Grand Slam финалына жібермеді
sports24.kz

Тартысты белдесудің тағдырын үшінші ескерту шешті

60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен 24 жастағы Шерзод Давлатов жарысты өте сәтті бастаған. Ол финалдық кезеңге дейін бірнеше мықты қарсыласын, соның ішінде Франция құрамасының екі дзюдошысын жарыс жолынан шығарды.

Бірақ қазақстандық үшін 2022 жылғы Masters турнирінің жеңімпазы Ха Рим Лиге қарсы жартылай финалдық белдесу қиынға соқты. Татами үстіндегі тартыс барысында екі дзюдошы да екі реттен "шидо" алды.

Шешуші сәтте Давлатовқа үшінші ескерту беріліп, ол "хансоку-макэ" бойынша жеңілген болып танылды. Осылайша қазақстандық балуан Grand Slam турнирінің финалына шыға алмады.

Давлатов қола жүлдеге таласады

Енді Шерзод Давлатов Лозаннадағы жарыстың қола медалі үшін белдесуге қатысады. Оның қарсыласы — өзбекстандық Самриддин Кучкаров.

Швейцариядағы беделді Grand Slam бәсекесі 28–30 тамыз аралығында өтіп жатыр.

Шерзод Давлатовтың Лозаннадағы нәтижелері: 

  • 1/64 финал: Кристофер Веласко (АҚШ) — иппонмен жеңіс;
  • 1/32 финал: Ромен Пикар (Франция) — екі "юко" арқылы жеңіс;
  • 1/16 финал: Давид Гаух (Швейцария) — иппонмен жеңіс;
  • ширек финал: Лука Мхеидзе (Франция) — иппонмен жеңіс;
  • жартылай финал: Ха Рим Ли (Оңтүстік Корея) — үшінші "шидо" салдарынан жеңіліс.
Жарнама
Жарнама