Жәнібек Әлімханұлы WBO рейтингінде бірінші орынға көтерілді
Қазақстандық боксшы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы рейтингте бірінші орынға көтерілді.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) барлық салмақ дәрежесіндегі боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Орта салмақта бұған дейін екінші орында тұрған Жәнібек Әлімханұлы көш бастады.
Әлімханұлы міндетті үміткер атанған
Жақында WBO Жәнібек Әлімханұлын әлем чемпионы Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде бекіткен болатын. Осылайша қазақстандық боксшы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге негізгі үміткер саналады.
Ал бұрын рейтингте бірінші тұрған мексикалық Сауль "Канело" Альварес тізімнен шығарылды. Бұған оның WBC белбеуі үшін жекпе-жек өткізу жоспары себеп болған.
Фото: WBO
Жаңартылған рейтингте америкалық Диего Пачеко екінші, Дания өкілі Якоб Банк үшінші орында тұр. Айта кетейік, Германияда тұратын Қазақстан тумасы Роман Фресс бірінші ауыр салмақтағы WBO рейтингінде бұрынғыдай бірінші орында қалды.
Шираз WBO шешімін сынға алды
Бұған дейін Хамза Шираз WBO-ның Жәнібек Әлімханұлын өзіне қарсылас ретінде тағайындауына наразылық білдірген еді. Британдық боксшы ұйым қазақстандық спортшыға допинг-тесттен оң нәтиже көрсеткеннен кейін оны іс жүзінде "марапаттап отыр" деп мәлімдеді. Сонымен қатар Шираз бұл шешімнің жеке байланыстардың ықпалымен қабылдануы мүмкін екенін болжап, WBO әрекетіне күмән келтірген.
Алайда WBO басшысы Густаво Оливьери бұл айыптаулармен келіспейтінін ашық айтты.
"Мен оның мәлімдемелерімен құрметпен қарай отырып, үзілді-кесілді келіспеймін. Әсіресе шешімнің "сыбайлас жемқорлыққа", орынсыз "мотивтерге" немесе "жеке қарым-қатынастарға" байланысты қабылданғаны туралы кез келген болжамды жоққа шығарамын", — деді Оливьери.
Енді екі тарапқа жекпе-жекті өткізу жөнінде келіссөз жүргізуге 20 күн уақыт берілді. Егер осы мерзім ішінде ортақ мәмілеге келе алмаса, жекпе-жекті өткізу құқығы промоутерлік саудаға шығарылуы мүмкін.