WBO президенті Жәнібек Әлімханұлына қатысты айыпқа жауап берді
Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери британдық боксшы Хамза Шираздың Жәнібек Әлімханұлына қатысты сынына жауап берді.
Шираз қазақстандық боксшыны әлем чемпионы атағына міндетті үміткер етіп тағайындау туралы шешімге күмән келтіріп, жеке байланыстардың ықпалы болуы мүмкін екенін айтып, наразылық білдірген. Алайда WBO президенті Густаво Оливьери барлық айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.
"Мен оның мәлімдемелерін құрметтегеніммен, олармен үзілді-кесілді келіспеймін. Әсіресе шешімге "жемқорлық" , орынсыз "мотивтер" немесе "жеке қарым-қатынастар" әсер етті деген кез келген болжамды жоққа шығарамын.", — деді Оливьери.
Әлімханұлының алғашқы допинг ережесін бұзуы ескерілген
WBO басшысы ұйымның шешіміне бірнеше фактор әсер еткенін түсіндірді.
"Біріншіден, Жәнібек антидопингтік іске байланысты жекпе-жек өткізген жоқ. Кездесу өтпеді. Бұл оның жағдайын басқа мысалдардан айтарлықтай ерекшелендіреді", — деді WBO президенті.
Оливьери бұл жағдайды Райан Гарсия мен Девин Хэйни арасындағы жекпе-жекпен салыстыруға болмайтынын айтты. Себебі Гарсия мен Хэйни арасындағы кездесу толық өтіп, антидопингтік нәтижелер чемпиондық жекпе-жек аяқталғаннан кейін белгілі болған.
Сонымен қатар, ұйым басшысы Жәнібек Әлімханұлының антидопинг ережесін алғаш рет бұзғанын да атап өтті. Дисциплинарлық іс барысында қазақстандық боксшы жазаны жеңілдетуге негіз болатын бірқатар жағдайды, медициналық құжаттарды ұсынған. WBO оның орта салмақтағы спорттық жетістіктерін де назарға алған.