Бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Еуропада үздік спортшы атанды
Бұрын Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен Владислава Кухта Венгрияда қыркүйек айының үздік спортшысы болып танылды.
Еуропа чемпионатында алтын жүлде иеленді
Қазір Венгрия атынан жұдырықтасатын Кухта қыркүйекте Болгария астанасы Софияда өткен Еуропа чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды.
Ол финалда ресейлік Людмила Воронцованы бірауыздан төрешілердің шешімімен ұтты. Осы жеңісінің арқасында Венгрия әйелдер боксынан Еуропа чемпионатының алтынын 12 жылдан кейін алғаш рет иеленді.
Венгрия Олимпиада комитеті айдың үздік спортшысын таңдау қорытындысын жариялап, Кухтаны жетістігімен құттықтады.
Кухта Қазақстаннан Венгрияға қашан ауысты?
Владислава Кухта – 2020 және 2022 жылдардағы Қазақстан чемпионы.
Ұлттық құраманың негізгі құрамына енбей қалған боксшы 2023 жылдың соңында спорттық азаматтығын өзгертіп, Венгрия атынан өнер көрсете бастады.