WBC рейтингі: Қазақстандық боксшылар қай орында?
Орта салмақта өнер көрсететін Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингіндегі бірінші орнын сақтап қалды.
Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) барлық салмақ дәрежесі бойынша жаңартылған рейтингін жариялады. Тізімде бірнеше қазақстандық кәсіпқой боксшының позициясы өзгерді.
Рейтингтегі ең жоғары орында Мейірім Нұрсұлтанов тұр. Ол орта салмақта көшбасшылық позициясын сақтап қалды.
Ал екінші орта салмақтағы Бек Нұрмағанбет екі саты төмендеп, 14-орынға түсті.
Жартылай ауыр салмақтағы Әли Ахмедов та екі позиция жоғалтты. Қазақстандық боксшы 28-орыннан 30-орынға сырғыды.
Сұлтан Зәуірбек рейтингте көтерілді
Екінші жартылай жеңіл салмақта бірден үш қазақстандық боксшы бар.
Сұлтан Зәуірбек екі саты жоғарылап, 16-орыннан 14-орынға көтерілді.
Ал Евгений Павлов үш позиция төмендеп, 29-орынға жайғасты. Бекман Сойлыбаев 38-орыннан 39-орынға түсті.
Ал бірінші аса жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай рейтингтегі орнын жақсартты. Қазақстандық боксшы 35-орыннан 34-орынға көтерілді.