Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар әлем чемпионатында ТОП-5 қатарынан көрінді
Қазақстандық дзюдошы Бакудегі әлем чемпионатында қола медаль үшін белдесуде жеңіліс тапты.
Қола жүлде үшін белдесу қалай аяқталды?
Жұбаназар үшінші орын үшін кездесуде жарыс қожайыны Омар Раджаблимен күш сынасты. Әзербайжандық дзюдошы иппонмен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қазақстандық дзюдошы бұған дейін жартылай финалда тағы бір әзербайжандық балуан – әлем және Еуропа чемпионаттарының қола жүлдегері Зелим Цкаевқа жол берген. Осы жеңілістен кейін Жұбаназар қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Олимпиада жүлдегерін жеңген
Абылайхан ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Ли Джун Хванды 1:0 есебімен ұтты. Ал 1/8 финалда әзербайжандық Вусал Галандарзадемен кездесіп, қарсыласының дисквалификациялануына байланысты келесі кезеңге өтті.
Бұған дейін Шерзод Давлатов Бакудегі әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды. Ол финалда әзербайжандық Ахмад Юсифовқа иппонмен есе жіберді.
Дзюдодан әлем чемпионатының жекелей сайыстары 4–10 қазан аралығында өтеді. 11 қазанда аралас командалар турнирі жоспарланған.