Қазақстандық боксшы Ақтөбеде WBA Asia белбеуі үшін жұдырықтасады
Армат Арманұлы (7–1, 5 КО) 31 қазанда Ақтөбедегі бокс кешінде WBA Asia титулына таласады. Оның қарсыласы - угандалық Шадири Муса Бвоги (11–1, 5 КО).
Басты жекпе-жек он раундқа жоспарланған
Арманұлы мен Бвоги арасындағы кездесу бокс кешінің басты айқасы болады. Орта салмақта өтетін жекпе-жек он раундқа есептелген. Жеңімпаз WBA Asia чемпиондық белбеуін иеленеді.
Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте жеті рет жеңіске жетіп, бір мәрте жеңілген. Бес кездесуін нокаутпен аяқтаған. Ал оның қарсыласының қоржынында 11 жеңіс пен бір жеңіліс бар. Угандалық боксшы да бес қарсыласын нокаутқа түсірген.
Армат шілдеде өткен соңғы жекпе-жегінде ресейлік Харон Запольскийді (8–2–1, 5 КО) бесінші раундта нокаутпен жеңген. Бвоги де соңғы рет шілдеде рингке шықты. Ол отандасы Фахад Ссервадданы (0–3) төрешілердің көпшілік шешімімен ұтты.
Саматәлі Төлтаев та титулға таласады
Ақтөбедегі бокс кешінде жеңіліп көрмеген қазақстандық Саматәлі Төлтаев (8–0, 4 КО) та өнер көрсетеді. Ол жеңіл салмақтағы бұрынғы WBA әлем чемпионы, панамалық Хесреэль Корралеспен (27–8, 10 КО) кездеседі.
Бұл айқаста IBF Pan-Pacific белбеуі сарапқа салынады.