Қазақ боксшысы бұрынғы әлем чемпионымен титулға таласады
Кәсіпқой боксшы Саматәлі Төлтаевтың кәсіпқой рингтегі келесі қарсыласы анықталды.
Төлтаевтың қарсыласы кім?
Жекпе-жекті Irfin Promotions промоутерлік компаниясы ресми түрде жариялады. Қазақстандық былғары қолғап шеберіне WBA нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Хесреэль Корралес қарсы тұрады.
Саматәлі Төлтаев кәсіпқой бокста өткізген сегіз кездесуінің барлығында жеңіске жеткен. Оның төртеуін нокаутпен аяқтаған. Ал Корралестің есебінде 27 жеңіс пен сегіз жеңіліс бар. Панамалық боксшы он қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.
Ақтөбедегі қандай белбеу сарапқа салынады?
31 қазанда өтетін айқаста IBF Pan-Pacific чемпиондық титулы сарапқа салынады. Төлтаев үшін бұл кездесу жеңіліссіз сериясын жалғастырып, жаңа белбеуді иеленуге мүмкіндік береді.
Төлтаев соңғы рет шілдеде рингке шығып, филиппиндік Гэри Тамайоны (11–5–1, 5 КО) төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді.
Корралес ақпанда мексикалық Педро Пенунури Боргаромен (13–3, 6 КО) кездескен. Ол да қарсыласынан төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен басым түсті.