WBO Әлімханұлы - Шираз жекпе-жегі бойынша шешім шығарды

Редактор Penalty.kz
06.11.2024, 08:30

Бұған дейін екі боксшының өкілдері кездесу өткізуге байланысты ортақ шешімге келе алмаған еді. 

Time.kz

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен британдық боксшы Хамза Шираз (21-0, 17 КО) арасындағы жекпе-жек бойынша келіссөздерді тағы да кейінге қалдыруға рұқсат берді. 

Бастапқыда келіссөздерді аяқтау мерзімі 4 қараша болып белгіленген еді. Алайда, сол күнге дейін келісімге қол жеткізілмеді. Жекпе-жекке қатысушы тараптар, Top Rank (Әлімханұлы) және Queensberry (Шираз) компаниялары келіссөздерді жалғастыруға ниет білдірді. Осыдан кейін WBO-ның жаңа президенті Густаво Оливьери екі командадан 11 қарашаға дейін мерзімді ұзарту туралы ресми өтінім жіберуді сұрады.

Америкалық журналист Джейк Донованның мәліметінше, WBO боксерлерге келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік берді, бірақ мерзімді тек үш күнге, 7 қарашаға дейін ұзартуға келісті. Егер тараптар Атлантикалық уақыт бойынша 16:00-ге дейін келісімге келе алмаса, промоутерлік сауда-саттық тағайындалады.

Әлімханұлы мен Шираз арасындағы жекпе-жекте IBF және WBO титулдарымен қоса, орта салмақтағы бос The Ring белбеуі де бәске қойылады деп күтілуде.