Мұхтар Шаханов қайтыс болды
Қазақстанның көрнекті ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері және Халық жазушысы Мұхтар Шаханов дүниеден өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің көңіл айту хабарламасында ведомство марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына және барша қазақ еліне қайғысына ортақ екенін жеткізді.
Ресми мәліметте Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиеті мен руханиятында ерекше орны бар тұлға болғаны атап өтілген. Оның поэзиясы азаматтық ұстаныммен астасып, ұлттық әдебиетке жаңа серпін, өзгеше өрнек әкелгені айтылды.
Сондай-ақ хабарламада қаламгердің шығармалары қазақ поэзиясының көркемдік көкжиегін кеңейтіп, рухани мұрамыздың асыл қазынасына айналғаны ерекше көрсетілген.
Министрлік Мұхтар Шахановтың қоғамдық мәселелерге әрдайым үн қатып, ел тағдырына қатысты батыл әрі салмақты пікір білдіргенін де еске салды. Оның әділет жолындағы табандылығы, қайсар болмысы және ұлттық мүддеге адалдығы халық жадында ұзақ сақталатыны айтылды.
Қаралы хабарда марқұмға Алланың рақымы тілініп, туған-туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтылды.