
Бала кезімізден "күніне кемінде екі литр су ішу керек" деген кеңесті жиі естиміз. Бірақ бұл кеңес қаншалықты ғылыми негізделген?
Шотландиядағы Абердин университетінің ғалымдары және халықаралық зерттеушілер тобы "күніне сегіз стақан су" ішу туралы кеңестің ғылыми негізін зерттеуге кірісті. Олардың мәлімдеуінше, екі литр су – әмбебап норма емес және кей адамдар үшін бұл тым көп мөлшер болуы мүмкін.
Зерттеу барысында 23 елден 5600 адам қатысқан үлкен тәжірибе жүргізілді. Қатысушылар арнайы белгілері бар суды ішкен, бұл адам ағзасындағы судың айналымын нақты өлшеуге мүмкіндік берді. Ғалымдар судың тек жалпы тұтынылуын ғана емес, оның организмнен қалай шығарылатынын да талдады.
Зерттеу нәтижесі мамандарды таңғалдырды.
Профессор Джон Спикман, зерттеудің авторларының бірі:
"Су айналымы – судың қажеттілігімен бірдей емес. Біз сұйықтықты тек судан ғана емес, тағамнан да аламыз: жемістерден, көкөністерден, сорпалардан немесе шайдан", – деп түсіндіреді.
Ғалымдардың мәліметінше, ересек адамның ағзасындағы су мөлшері келесідей таралады:
Ұлыбританияның NHS денсаулық сақтау қызметі күніне 6-8 стақан (1,5-2 литр) су ішуге кеңес береді, ал Британдық диетологтар қауымдастығы бұл норманы қолдайды. Бірақ Science журналында жарияланған соңғы зерттеулер, бұл ережелер шағын топтарға негізделгенін және жеке ерекшеліктерді ескермейтінін көрсетті.
Қазақстанда солтүстіктегі аязды қыс пен оңтүстіктегі аптап ыстық жаз жағдайында суды тұтыну қажеттілігі айтарлықтай өзгереді.
Ғалымдар "екі литр су ішу керек" деген қағиданы қайта қарау қажет деп есептейді.
Ең дұрысы – "бір ережеге бағынбай, ағзаның қажеттілігін тыңдау". Судың мөлшері жас, өмір салты, климат және денсаулық жағдайына байланысты өзгеруі тиіс.