Чемпиондар лигасының жартылай финалының алғашқы матчында "ПСЖ" сырт алаңда "Арсеналды" 1:0 есебімен жеңді.
Матчтың тағдыры төртінші минутта шешілді. Хвича Кварацхелия сол қанаттан пас беріп, Усман Дембеле дәл соққы жасай алды. "Арсенал" үзіліске дейін бірнеше қауіпті сәттер жасап көргенімен Джанлуиджи Доннарумма мен қорғаушылар париждік клубты голдан құтқарып қалды.
Екінші таймда Артетаның командасы таразы басын теңестірген. Бірақ Мерино офсайдта қалып қойып, гол есепке алынбады. Қарымта шабуылдар мен қауіпті сәттер матч соңына дейін жалғасқанымен таблодағы нәтиже өзгеріссіз қалды.
Бұл кездесу екі клуб үшін де тарихи мәнге ие: "Арсенал" мен "ПСЖ" әлі Чемпиондар лигасын ұтпаған. Алдағы аптада Париждегі қарымта матчта кімнің финалға өтетіні анықталады.