
2024/25 жылғы Ресей Премьер-лигасында "Зениттің" алтын дәуірі тоқтады. Соңғы алты жыл қатарынан чемпион атанған петерборлықтар биыл алғаш рет титулсыз қалды. Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп бұл жолы күміс медальмен шектелді.
РПЛ-дің жаңа чемпионы – 2008 жылы құрылған "Краснодар". Бұл клубты ресейлік миллиардер Сергей Галицкий жеке қаржыландырады. Соңғы турға дейін титул тағдыры белгісіз еді. "Зениттің" алтын алу үшін өзі "Ахматты" жеңіп (3:0), "Краснодардың" "Динамодан" ұтылуын күтуі қажет болған. Бірақ "Краснодар" да 3:0 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондықты уыстан шығармады.
Соңғы турда қазақстандық футболшылардың мүмкін болатын текетіресі жүзеге аспады. "Ахмат" сапында ойнайтын Максим Самородов алғашқы таймда алаңға шықса, Нұралы Әліп бүкіл ойын бойы қосалқы құрамда қалды.
Грозныйлық "Ахмат" маусымды 14-орында аяқтап, бірінші лиганың үздік төрттігіндегі "Уралмен" өтпелі матчқа қатысады. Айта кетейік, команданы маусым басында Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев жаттықтырған еді.