"Пари Сен-Жермен" өз тарихында алғашқы Чемпиондар лигасы трофейін жеңіп алды. Франция чемпионы финалда италиялық "Интерді" 5:0 есебімен ойсырата тізе бүктірді.
"ПСЖ" – "Интер" 5:0
Голдар: Хакими (12), Дуэ (20, 63), Кварацхелия (73), Маюлу (86)
Көпшілік финал ауыр әрі тепе-тең өтеді деп болжаған. Бірақ париждіктер алғашқы минуттардан-ақ шабуылға көшіп, қарсыласты тұқырта бастады.
12-минутта Витиньяның әдемі пасынан кейін Дуэ қақпа алдына асырған допты Ашраф Хакими бос бұрышқа дәл бағыттап, есеп ашты. Айта кетейік, Хакими бұған дейін "Интерде" ойнағандықтан голдан кейін ерекше қуаныш білдірмеді.
"Интер" жылдам голдан кейін есеңгіреп қалды. Қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен қорғаныстағы босаңдықтың кесірінен 20-минутта тағы бір гол жіберіп алды. Бұл жолы Дезире Дуэ өзі гол авторы атанды.
Үзілістен кейін миландықтар ойынға қайта кірісуге тырысқанымен айтарлықтай шабуыл ұйымдастыра алмады. Ал Луис Энрикенің шәкірттері керісінше қарсы шабуылдарды сәтті жүзеге асырып отырды.
63-минутта Дуэ Зоммермен бетпе-бет шығып, есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл — оның финалдағы екінші голы және бір нәтижелі пас.
73-минутта қорғаныста тағы бір сәтсіздікке бой алдырған "Интер" қақпасына Хвича Кварацхелия соққы жасап, төртінші голды енгізді.
86-минутта жас ойыншы Сенни Маюлу алаңға енді шығып, бесінші және қорытынды голды соқты. Осылайша "ПСЖ" Чемпиондар лигасының финалындағы ең ірі жеңістердің бірін тіркеді.