Әли Әлиев Қазақстан құрамасының басты мақсатын атады (ВИДЕО)
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев алдағы жолдастық кездесулер қарсаңында басты мақсатты атады.
Негізгі мақсат – нәтиже мен тактикалық бейімделу
Баспасөз жиынында ол Беларусь және Солтүстік Македонияға қарсы матчтарға қатысты нақты мәлімдеме жасады.
“Басты мақсат – нәтиже. Қарсылас кім болса да – Беларусь пе, әлде басқа құрама ма – біз үшін бастысы осы. Сонымен қатар алты ауыстыру құқығын да барынша тиімді пайдаланамыз. Бұл – Солтүстік Македониямен ойнайтын жігіттерді дайындау үшін қажет”, – деді Әлиев.
Бапкердің сөзінше, ұлттық құрамадағы ойыншылар өз клубтарында басқа тактикалық жүйеге үйреніп қалған, ал мұнда оларға жаңа талаптар қойылады. Сол себепті бейімделуге уақыт керек.
Жоспар – толық ротация және жастармен жұмыс
Әлиев дебютанттарға да мүмкіндік берілетінін айтты. Сондай-ақ, ұлттық құраманың бірқатар ойыншылары жастар құрамасына көмектесу үшін төмен түсірілмек.
“Сатпаев U-21 құрамасында ойнайды. Бұл – өте дұрыс шешім. Сонымен қатар тағы алты, тіпті жеті ойыншы жастар құрамасында әрекет етеді”, – деді бас бапкер.