
Қазақстандық жас футболшылар Бразилия чемпионының назарына ілікті.
“Ордабасы” футбол клубының екі жас ойыншысы Нұралы Бағдаулет пен Жасұлан Әмір Бразилияның әйгілі клубы “Ботафого” сапында қаралымнан өтуде. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
18 жастағы қос футболшы қазірдің өзінде “Ботафого” клубының 20 жасқа дейінгі жастар командасымен бірге жаттығу процесіне қосылды.
Футболшылармен бірге “Ордабасы” академиясының жаттықтырушысы Рустам Фардиев те Бразилияға аттанған. Ол бұл сапар аясында тәжірибеден өтуде, яғни, өз кәсібилігін арттыру мақсатында білім алуда.
“Ботафого” — Бразилия чемпионатының қазіргі жеңімпазы. Клубтың жанкүйерлік базасы да айрықша — шамамен 2,8 миллион адамнан тұрады. Егер Нұралы мен Жасұлан жаттығу барысында өздерін жақсы қырынан көрсетсе, екі жақты келіссөздер басталуы мүмкін.
Бұл екі жас ойыншы үшін — Еуропадан тыс аса ірі футбол сахнасында өз әлеуетін көрсетуге берілген сирек мүмкіндік. Ал бапкер үшін — әлемдік деңгейдегі клуб жүйесінде тәлім алу үлкен артықшылық.
Аталған қаралым мен стажировка “Ордабасы” клубының Бразилиядағы әріптестік байланыстарының нәтижесінде мүмкін болды. Бұл — отандық футбол клубтарының халықаралық деңгейде дамуға ұмтылып жатқанын көрсететін нақты мысал.