
Монтевидеодағы "Пеньяроль" мен "Насьональ" арасындағы қарымта матч кезінде қауіпсіздік қызметкері жарақат алды.
Уругвай астанасы Монтевидеода елдің қос алпауыты – “Пеньяроль” мен “Насьональ” Апертура мен Клаусура арасындағы аралық турнирдің жеңімпазын анықтады. Алайда матчтағы басты жаңалық тек спорттық нәтиже емес, трибунадағы қауіпті жағдай болды.
Кездесудің алғашқы минуттарында алаң сыртындағы пресс-аймаққа от шашатын құрал (файер) түсіп, қауіпсіздік қызметкерін жаралады.
Уругвайлық БАҚ-тың мәліметінше, отты құрал “Насьональ” жанкүйерлері отырған ”Коломбес” секторы тарапынан лақтырылған. Нысана – журналистер мен төрешілер отырған “Америка” секторы болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл жетіп өртті сөндіріп, түтінді таратуға кіріскен. Зардап шеккен қызметкерге жедел көмек көрсетіліп, кейін медициналық орталыққа жеткізілді.
Ойын барысында негізгі уақыт тең аяқталып (0:0), жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл кезеңде “Пеньяроль” 5:3 есебімен басым түсіп, 2017 жылдан бері алғаш рет аралық турнирдің чемпионы атанды. Бұл – клуб тарихындағы 55-ші ұлттық трофей.
Айта кетейік, бұл финалға екі команда да өз дивизионында бірінші орын алып жеткен. “Пеньяроль” соңғы турға дейін күресіп, финал жолдамасын әрең алса, “Насьональ” жеті матчтың бәрінде жеңіске жетіп, финалға сенімді өткен.