
Футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен бұл матчты ашық түрде "договорняк" деп атап төрешілердің шешімін, VAR-дың әрекетсіздігін және Қазақстан футболындағы қателіктер жайлы пікір білдірді.
Қазақстан футболының ең үлкен масқараларының бірі он алтыншы турда болды. «Тұран» мен «Қызылжар» арасындағы матчта төрешінің күмәнді пенальти шешімі қоғам назарын өзіне аударды. Бұл ойын туралы Fonteam YouTube-подкастына қатысушылар осы мәселе бойынша ашық пікір алмасты.
«Бұл жерде бір ғана адами фактор емес. Мен мұны — келісілген матч деп санаймын. Пенальти қойылмауы керек еді. VAR үнсіз, төреші шешімді ойланбастан қабылдайды, бәрі өте күмәнді», — деді Мәулен.
85-минут, есеп — 1:1. Дәл осы сәтте төреші күтпеген жерден пенальти белгілеп, «Қызылжардың» пайдасына шешім қабылдайды. VAR жүйесі ешқандай реакция білдірмейді. Fonteam подкастында бұл эпизод егжей-тегжейлі талданды. Ермұхаммедтің айтуынша, төреші эпизодты монитордан қарап та үлгермеген, «тез-тез теуіп жіберіңдер» деген нұсқау ғана берген.
Десе де, Мәулен төрешілерді толық кінәлауға қарсы. Оның сөзінше, төрешілер арасында беделді, адал азаматтар бар. Бірақ оларды «сырттан қысыммен» белгілі бір шешімге итермелейтін адамдар бар.
«Чеховский де, Кумашев те — жақсы мамандар. Бірақ оларды біреу мәжбүрлеп отыр. Артында адамдар тұр. Соларды табыңдар!» — деді ол.
Подкастта төрешілердің жалақысы да қозғалды. Айтылған мәліметке сүйенсек:
Бас төреші: 800 000 теңге жалақы алады
Қапталдағы төреші (боковой): 300 000 теңге
Ермұхаммед бұл жалақыны «ең тиімді жұмыс» деп сипаттады. Алайда, жалақы көтерілгенімен, әділ төрелік көбеймегеніне қынжылыс білдірді.
Қазақстан футбол федерациясы бұл матчтан кейін төрешілерді маусым соңына дейін шеттеткен. Бірақ бұл жүйелі шешім бе, әлде қоғам қысымына реакция ма — белгісіз. Подкаст қатысушыларының айтуынша, бұл «ұзақ жылдар бойы жиналған былықтың бір көрінісі ғана».
«Бұрын әр чемпионатта 4-5 даулы шешім болады. Бірақ биыл он алтыншы турда 17-ге жетіп қалды».